Мемлекет халықтың ең осал санаттарына тек төлемдермен ғана емес, арнайы әлеуметтік қызметтер кешенімен де көмектеседі. Көмек мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар ересектерге, өз-өзіне қызмет ету қабілетін жоғалтқан қарт адамдарға, тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ пробациялық бақылаудағы азаматтарға қолжетімді.
Қызметтер сегіз бағытқа бөлінеді: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық. Мұндай жиынтық әрбір алушының жеке қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Ең көп тараған формат – үйде қызмет көрсету, оны 60 055 адам пайдаланады. Стационарда 18 751 азамат көмек алады, жартылай стационарлық ұйымдарда – 11 786 адам, ал уақытша болу ұйымдарында – 4 125 адам.
2025 жылдан бастап мұндай қызметтерді ұсынатын ұйымдар лицензиялаудан өтуге міндетті. Талаптар білікті мамандардың болуын, қажетті материалдық-техникалық базаны, санитарлық және өртке қарсы нормаларды сақтауды, сондай-ақ кедергісіз ортаны құруды қамтиды.