Туризм

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қаскелең…негізінде құрылған…

28 қараша 2014 · 18:08·Оқу: 3 мин

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Фото: TR Kazakhstan редакциясы
TR Kazakhstan редакциясыТілші·28 қараша 2014

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Алматы облысының Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандары шегіндегі Қаскелең қала маңы және Түрген орман шаруашылықтарының базасында құрылды. Парктің жалпы ауданы 199673,5 га. 1996 жылы құрылды. Оны құру мақсаты — бірегей ландшафттарды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау, Қазақстан азаматтары үшін де, шетелден келген қонақтар үшін де туризм мен демалыс жағдайларын жақсарту.

Ұлттық парк теңіз деңгейінен 600-ден 5000 м биіктікте орналасқан. Парк аумағы өте күрделі бедерлі Іле Алатауының орталық бөлігін алып жатыр, мұнда Шренк шыршасынан және оған ілеспе ұсақ жапырақты Сиверс алмасы, долана, жабайы өрік, тянь-шань шетені және басқа да ағаш пен бұта түрлерінен тұратын көркем ормандар орналасқан. Жалпы парк флорасында өсімдіктің 1000-нан астам түрі бар. Қызыл кітапқа 4666802036 түр енгізілген, олардың ішінде мүктер — ірі жапырақты пахифиссиденс пен тегістелген ортотрихум бар. Мал азықтық өсімдіктер көп санмен, 80-нен астам түрмен ұсынылған: талшықты қоспа, тарұрықты қияқ, Крылов бетегесі, альпілік және шалғын қоңырбасы, тянь-шань сұлысы, жабайы сұлы, қауырсынды қысқааяқ, регнерия түрлері, беде, шырмауық, сиыржоңышқа. Қымыздықтың, таран мен рауғаштың түрлері кездеседі. Эфир майлы өсімдіктерден ақжелкен, арша, жусан бар. Дәрілік өсімдіктерден кеңінен таралғаны: түймешетен, мыңжапырақ, өгейшөп, итмұрын, итжидек, көкнәр тамыр (валериана), арша, бақбақ, бағжелек. Паркте алма, таңқурай, қарақат, бүлдірген, тас бүлдірген, бөріқарақат, бөріжидек, шырғанақ, шетен, долана мен итмұрын өседі. Парк фаунасы бай әрі алуан түрлі, мұнда омыртқасыздардың 1500-ден астам және омыртқалы жануарлардың 213 түрі мекендейді. Олардың 47-сі сүтқоректілер, 148-і құстар, 8-і бауырымен жорғалаушылар, 2-уі қосмекенділер және 8-і балық түрлері.

Көбінесе бұғы-марал, елік, сібір тауешкісі-теке кездеседі. Қабан, қасқыр, түлкі, борсық, сондай-ақ тышқан тәрізді кеміргіштер де сирек емес. Мұнда қызыл кітаптағылар да мекендейді: орақтұмсық шалшықшы; сұңқарлар: ылашын, тұрымтай мен шаһин; жартасты биіктаулардың тұрғындары — қырандар: құмай, сақалтай, бүркіт, кіші бүркіт пен жұртшы; сирек кездесетін торғайтектестер: бояулы шымшық, үлкен бораншымшық пен көк құс; сондай-ақ қара дегелек. Паркте сирек жыртқыш аңдар да тұрады: қызыл қасқыр, қар барысы, сабаншы, орта азия сілеусіні, тянь-шань қоңыр аюы мен тас сусары; тұяқтылар: арқар және ірі оңтүстік кеміргіш — үнді кірпісі. Көбелектердің бірнеше түрі де қызыл кітапта, мысалы, махаон, тянь-шань аполлоны, дельфиус, подалирий.

Ұлттық паркте табиғаттың бірнеше ескерткіші бар, олардың ішінде «Шынтүрген шыршалары». Бұл мәңгі тоң учаскелері бар мүкті қалың шырша тайгасы. Биіктаулы көлдер — Үлкен Алматы көлі мен Аққөл көлі өте әсем. Парк аумағында Қайрақ және Аю сарқырамалары бар.

Пікірлер