Ұлттық экономика министрлігі нақты сектор 5,1%-ға, қызмет көрсету саласы 3,5%-ға өскенін хабарлайды. Бұл ретте мұнай өндіру 8,4%-ға қысқарды.
ЖІӨ өсімінің 80%-дан астамын өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және көлік қамтамасыз етті. Құрылыс ең жоғары қарқын көрсетті: жұмыс көлемі 15,2%-ға өсті. 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға көп.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 9,8%-ға өсіп, 16,2 трлн теңгеге жетті. Бұл тау-кен өндіру саласының көлемінен (15,9 трлн теңге) асып түсті. Өсімді дайын металл бұйымдарын шығару (+39,9%), автомобильдер (+31,6%), фармацевтикалық өнімдер (+43,6%), химия өнімдері (+20,7%), резеңке және пластмасса бұйымдары (+21,8%), құрылыс материалдары (+14,1%) және азық-түлік өнімдері (+14,7%) қолдады.
Сауда 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға, байланыс қызметтері 4,3%-ға өсті. Көлік-логистика саласы қосалқы қызметтің (+14%), теміржол (+4,9%) және автомобиль (+11,4%) жүк тасымалдарының өсуі есебінен 7,1%-ға артты.
Негізгі капиталға инвестициялар 9,6%-ға өсті. Ең үлкен өсім ақпарат және байланыс саласында (2,3 есе), электрмен жабдықтауда (+61,4%), өңдеу өнеркәсібінде (+33,3%), ауыл шаруашылығында (+24,6%) және көлікте (+11,6%) тіркелді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновтің қаңтар–маусымдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және экономиканы әртараптандыру жоспарлары туралы есебін тыңдады.