2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. 25 маусымға қарай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 228 мың адам қамтылды, оның ішінде 85 мыңы – жас азаматтар. Жоспарланған 3,1 миллион сапалы жұмыс орнынан 2,9 миллионы құрылды.
Мансап орталықтарының жаңа міндеттері
Орталықтар жұмысындағы негізгі екпін бейресми жұмыспен қамтуды анықтауға, азаматтарды жеке сүйемелдеуге және оларды тұрақты жұмысқа орналастыруға бағытталады. Мансап орталықтары бэк-офис моделінен фронт-офис моделіне көшеді.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың жаңа моделін енгізу, жұмыс орындарын квоталау тетігін автоматтандыру және платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру жалғасады. Сондай-ақ интернет-платформалар қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері кеңейтіледі.
Екі облыстағы пилоттық жоба
Шілдеден бастап Маңғыстау және Павлодар облыстарында жасанды интеллект қолданылатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоты іске қосылады. Жүйе бос орындарды іріктеуді жеделдетуге, оқу бойынша ұсыныстарды жекелендіруге және қызмет сапасын арттыруға тиіс.
Әлеуметтік қолдауды реформалау
Мемлекет отбасылардың нақты мұқтаждығын бағалауға көшеді. Бұл көмекті шынымен қажет ететіндерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Отбасының цифрлық картасын дамыту жалғасады. eGov Mobile-да банктердің, Қаржы министрлігінің және несие бюроларының деректері бар үй шаруашылықтарының цифрлық профильдері пайда болады. Бірыңғай цифрлық платформада жергілікті атқарушы органдардың 13 қолдау шарасы автоматтандырылып, «Әлеуметтік әмиянмен» интеграция жүргізілді.
Жыл соңына дейін қолдау шараларын мекенжайлық қағидат бойынша тағайындау, өтініштерді eGov Mobile арқылы қабылдау және қағаз анықтамалардың бір бөлігінен бас тарту жоспарлануда.